26 тамызда Қазақстан мұнайының 125-жылдық мерейтойы мен ҚР мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің күні қарсаңында «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас дирекциясы ғимаратында өткен салтанатты жиында кәсіпорынның еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Жиында сөз алған бас директор Алмас Хамзин ұзақ жылдар бойына кәсіпорында қызмет етіп, бүгінде зейнет демалысында шыққан аға буын өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс білдірді. Сонымен қатар еңбек ардагерлеріне Қазақстан мұнайының 125-жылдық мерейтойына орай шығарылған арнайы медальдерді табыстады.
Салтанатты шарадан кейін ардагерлер мереке құрметіне жайылған шай дастарханында бас қосты. Олар ескі күндерін сағынышпен еске алып, емен-жарқын әңгімелесті. Зейнеткерлер дастархан басында мекемеде еңбек ететін жас буын өкілдері – Жастар кеңесінің мүшелеріне баталарын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Салтанатты жиында Алмас Хамзин «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымдар арасында өткізілген Спартакиадада ерлер арасында тоғызқұмалақтан 1-орын алған №2 мұнай-газ өндіру цехының мұнай-газ және конденсат өндіру шебері Қанат Төремұратовқа Қазақстан мұнайының 125-жылдық мерейтойы медалін, әйелдер арасындағы 40 жасқа дейінгі санатта жүзуден 3-орын иелен Найля Анафинаға «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Құрмет грамотасын табыс етті.